Халықты МӘМС-пен қамту (адамдар саны)
16 441 547
Жарналар мен аударымдардың түсімдері (МӘМС сомасы, теңгемен)
303 173 376 915
Келіп түскен өтініштер
26 608

Жаңалықтар

Медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегін арнайы жұмыс тобы қарастырады

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс тобының құрамында кредиторлық берешектің қалыптасуының объективті себептерін анықтау үшін медициналық ұйымдардағы жағдайды егжей-тегжейлі талдайтын болады.

Биылғы жылдың қазан айының соңында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасаған 1970 медициналық ұйымының 454 бірлесіп орындаушылар алдында жалпы сомасы 98 млрд теңге кредиторлық берешегі болды. Айта кетерлігі, борышкерлердің 90 пайыздан астамы мемлекеттік медициналық ұйымдар.

«Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту мақсатында жұмыс тобы құрылды. Топ құрамына Қор, өңірлік  денсаулық сақтау басқармалары, Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының және Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің өкілдері кірді. Топтың  нақты атқаратын міндеті – өңірлерді аралау барысында мемлекеттік медициналық ұйымдардың қаржы-шаруашылық қызметіне талдау жүргізу, кредиторлық берешектің өсу себептерін және бірлесіп орындаушылар алдындағы міндеттемелердің тиісінше орындалмауын анықтау  және медицина қызметкерлерінің жалақысының уақытында төленбеу себептерін талдау тұр», - деді «ӘМСҚ» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айдар Нұралиев.

Жұмыс тобы сегіз облыс пен республикалық маңызы бар үш қаладағы емханалар, медициналық пункттер, ауруханалар мен жедел жәрдем станцияларын аралауды жоспарлап отыр.

«Бұдан бөлек, медицина саласын жергілікті бюджеттен қоса қаржыландыру бойынша шығындар жағын да анықтау жоспарланып отыр. Бұл жұмыс денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесе жүргізілетін болады. Ең бастысы, Қордың қосымша қаржыландыруының және оның ішінде тарифтерді қайта қараудың негізділігі бойынша қорытынды жасалынады»,- деп толықтырды Айдар Нұралиев.

Мемлекеттік медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі бойынша жағдайды толық талдау жұмыстарын ағымдағы жылдың 25 желтоқсанына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.