Халықты МӘМС-пен қамту (адамдар саны)
16 458 506
Жарналар мен аударымдардың түсімдері (МӘМС сомасы, теңгемен)
306 317 700 380
Келіп түскен өтініштер
27 249

Жаңалықтар

Астанада 82 жастағы қарияның аяғын кеспей, аман алып қалды

1-ші тоқсанда Қазақстан бойынша аяққа 58 ампутациялық операция жасалған. Оның 15-і – жасы 70-тен асқан пациенттер. Қайғылы салдарға әкелетін негізгі аурулардың қатарына қант диабеті, атеросклероз, қатерлі ісіктер, эмболия, төменгі аяқ артерияларының тромбозы, флегмон, жарақат және үсік шалу жатады. Осы күндері медициналық сақтандыру қорының басшысы Сәбит Ахметов елордалық емханаларды аралау барысында, олардың бірінде науқастың аяғын сақтап қалуға тырысатындарын көрді. Құны 1,1 млн теңге тұратын сирек операция емхананың күндізгі стационары жанындағы амбулаториялық хирургия орталығында МӘМС есебінен жүргізіледі.

 

82 жастағы қария ұзақ уақыт бойы аяқ атеросклерозымен алысқан. Салдарынан аяқ тамырлары бітеліп, ауырсынуды басатын дәрілер де әсер етпей, трофикалық жаралар пайда болған.

Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі уақытта мұндай ауруларды емдеудің түрлі әдісі бар. Бірақ дәрігерлер аяқты ғана емес, кейде өмірдің өзін сақтап қалу мүмкін бола бермейді дейді. Қарияларға мұндай ауыр операцияны жасау үлкен тәуекелді қажет етеді. Сол себепті пациенттерге шұғыл хирургиялық араласудан бас тарту ұсынылады.

Алайда, дәрігерлер қарттың жасы мен дерттің асқынып кеткендігіне және науқастың көптеген патологиясына қарамастан, жергілікті анестезия арқылы ота жасауға шешім қабылдады. Ақ халаттылар шағын тіліктер арқылы тіндерді жарақаттамай аяқ тамырларын қалпына келтірді. Осылайша, қысқа мерзімде трофикалық жаралар толық жазылып, пациенттің аяғын аман сақтап қалды. Айта кетерлігі, 1-ші тоқсанда еліміз бойынша аяққа 58 ампутациялық операция жасалған.

«Әкеміздің бұл сырқатпен алысып жүргеніне 20 жылдан асты. Бұрын дәрігерлер тағайындайтын дәрі-дәрмектермен ауырсынуды басуға болатын. Алайда соңғы жылдары бұл дәрілер әсер етпей, әкеміз ұйқыдан қалды. Бірнеше тексерулер мен консультациялардан кейін CITY емханасына бардық. КТ зерттеуін жасаған кезде ангиохирург әкемнің зардап шегуінің себебін көрсетіп, түсіндіріп берді. Әкеміздің аяғы қарайып кеткендіктен, дәрігер көп созбай, аяқты құтқару керек деді. Егер ота жасалмаса, ауру өршіп, науқастың өмірін сақтау керек болатынын айтты. Біз үміт бар екеніне қуанып, дереу қан талдауларын тапсырып, операцияға дайындала бастадық. Айта кету керек, операцияға ақша төлемедік, барлығын МӘМС есебінен жасап берді. Қазір әкеміз өзін жақсы сезінеді әрі түнде тыныш ұйықтайтын болды. Дәрігерлерге алғысымыз шексіз!» – дейді қарияның балалары.

Операциядан кейін пациенттерге ұзақ мерзімді оңалту қажет емес. Олар өздігінен қозғала алады. Бұл пациенттің өмір сүруін айтарлықтай жақсартады. Мұндай операция қан тамырлары тәжірибесінде өте сирек жасалады.

«Операция жергілікті анестезия арқылы жасалды. Операцияның ерекшілігі мынада: пациенттің қан ағымын қалпына келтіру үшін оның өз күретамыры қолданылады. Ол дайындалғаннан кейін артерияларға тігіледі. Нәтижесінде күретамыр шунт қызметін атқарады. Содан кейін ол артерияланады әрі қоршаған тіндер мен ағзаларды қанмен қамтамасыз етеді. Бұл жағдайда күретамырды толығымен оқшаулаудың қажеті жоқ. Өйткені бұл отаның классикалық түрінде жасалады, болашақ күретамырлық шунттың зақымдануына жол бермейді. Сондай-ақ күретамырлық шунттың ұзындығы жеткіліксіз болу қаупі бар. Бірақ аталған әдіс кезінде алаңдамауға болады. Себебі күретамырды кез келген деңгейде артерияға жақындатып тігуге мүмкіндік бар. Бұл пациенттің өз тамырлары болғандықтан, шунттың қайта бітелу немесе тромбоз болу қаупі төмен. Операциядан кейінгі кезеңде барлық пациентке КТ бақылау зерттеуі жүргізіледі. Онда шунттың өткізгіштігі мен жұмысы бағаланады», – деп нақтылады ангиохирург Айдар Парманов.

Пациенттердің барлығы үйге шығарылды. Қазір трофикалық жаралары жазылған пациенттер өз бетінше жүре алады.

Айта кетейік, емханада тамыр, жақ-бет, нейрохирургиялық, жалпы операциялар жасау үшін қажетті жабдықтармен жабдықталған екі ота бөлмесі бар. Оларда лицензиясы бар 19 түрлі операцияның 12-сі жасалады. Емхананың МӘМС аясында жұмыс істей бастағанына 2,5 ай ғана болған. Сондықтан әлі жоғары технологиялық медициналық көмек бойынша үлкен көлемге ие бола қойған жоқ. Бірақ оларды орындауға дайын. Айтпақшы, осы уақыт ішінде хирургтер аяқтың артериялық қан ағымын қалпына келтіру үшін МӘМС есебінен 10 операция жасады. Осындай бір отаның құны 1,1 млн теңгені құрайды.

«Біз жоспарлы көмек көрсетуге дайынбыз, қолданыстағы тариф аясында жұмыс істеуге әзірміз», – деп атап өтті Қор басшысымен болған әңгіме барысында City емханасының бас директоры Алмаз Жалбыров.

№9 және №10 қалалық емханаларда медициналық қызмет көрсету көлемі қалыпты. Осы жылдың алты айында №9 емхананың амбулаториялық хирургия орталығында 391 операция жасалған. №10 емханада жылына орта есеппен 50-60 хирургиялық, проктологиялық, травматологиялық, урологиялық және басқа да операциялар жүргізіледі.

Бас дәрігерлердің айтуынша, хирургиялық бейіндегі мамандандырылған көмекті жоғары білікті мамандар көрсетеді. Қолжетімді операциялардың тізбесі де көп. Олар – липома, гемангиома немесе киста сияқты тері мен тері астындағы май тіндерінің өсінділерін алып тастау, қол мен аяқтың сүйектерінен металл құрылымын алып тастау, сүт бездерінің, жұмсақ тіндерден бөтен дененің қатерсіз өсінділерін жою, геморроидэктомия, гигромэктомия, бурсэктомия, халазионды (теріскенді) кесіп алып тастау, қолдың басындағы буын сіңірлерін тігу, саусақтарды ампутациялау, іріңдеген жұмсақ тіндерді ашып, тазалау, өт жолынан протез құрылғыны алып тастау, екі жақты қарапайым мастэктомия және тағы да басқалары.

Айта кетейік, осы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша, елордада 1,1 млн адам сақтандырылған. Демек, бүгінде халықтың 82,9%-ы жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізе алады.