Халықты МӘМС-пен қамту (адамдар саны)
16 458 506
Жарналар мен аударымдардың түсімдері (МӘМС сомасы, теңгемен)
306 317 700 380
Келіп түскен өтініштер
27 055

Жаңалықтар

Ақтөбе облысындағы Мұғалжар аудандық ауруханасы ауданаралық аурухана мәртебесін алып, қосымша қаржыландырады


Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында 2024 жылдан бастап ауданаралық аурухана мәртебесін алатын Мұғалжар аудандық ауруханасының қызметімен танысты. Бұл өзгерістер ауыл медицинасын дамытуға бағытталған. 

Бұл нені білдіреді?  

2022 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің отырысында ауыл тұрғындарына медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы мақұлданды. 


Пилоттық жобаға Қазақстан бойынша барлығы 36 аурухана қатысады. Ақтөбе облысы бойынша – Хромтау, Шалқар және Мұғалжар орталық ауруханалары. Олардың базасында заманауи көпсалалы орталық ауданаралық ауруханалар салынады. Ол үшін қосымша заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған 5 негізгі орталық құрылады – перзентхана, 2-деңгейдегі травматологиялық және хирургиялық бөлімшелер, инсульт орталығы, тері арқылы коронарлық араласу орталығы. 

Ұлттық жобаның негізгі басшысы және кураторы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бұрын атап өткендей, бүгінде қолда бар аудандық ауруханалар «алтын уақыт» қағидатын сақтай отырып, инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмек, сондай-ақ ірі қалаларға бармай-ақ мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсете алмайды. Нәтижесінде ауыл тұрғындары арасында қан айналым жүйесі ауруларынан, атап айтқанда жедел миокард инфарктісінен және инсульттан, сондай-ақ тыныс алу органдары аурулары мен жарақаттарынан болатын өлім-жітім жоғары. 


Ауданаралық ауруханалар құру ауыл тұрғындарын сапалы медициналық көмекке жүз пайыз қолжетімділікпен қамтамасыз етуге, қосымша 4 млн астам ауыл тұрғындарын мамандандырылған медициналық көмекпен қамтамасыз етуге, инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмек көрсету үшін «алтын уақыт» қағидатын сақтауға, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлімді 20% - ға төмендетуге және ауылдық елді мекендерді медициналық кадрлармен 85% - ға қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жоғары мамандандырылған медициналық көмекке қол жеткізу

Ақтөбе қаласынан 120 км қашықтықта орналасқан және өз ауданының тұрғындарына медициналық көмек көрсететін Мұғалжар аудандық ауруханасы (шамамен 35,9 мың адам) 2024 жылдан бастап Байғанин және Темір аудандарының тұрғындарын қоса алғанда, қызмет көрсету аумағын кеңейтеді. Нәтижесінде 90 мыңнан астам адам жоғары мамандандырылған медициналық көмек пен тексерулерге қол жеткізе алады. 

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Сәбит Ахметов Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Мұғалжар аудандық ауруханасының қажетті құрылғылармен жеткілікті түрде жақсы жабдықталғанын, атап айтқанда өзінің рентген, КТ аппараттарының бар екенін атап өтті. Келесі жылы аудандық аурухананы көпсалалы аурухана ретінде анықтау аясында оны МРТ аппаратымен және ангиографпен қосымша жабдықтау жоспарлануда. Көптеген қалалық ауруханалардың жеке томографтары жоқ, ал кейбір жерде медициналық апараттар «қаптамада» қолданусыз тұр, өйткені мамандар жоқ. Айта кетейік, медициналық ұйымдарды құрылғылармен жабдықтау СК-Фармация және денсаулық сақтау басқармаларының құзыретіне кіреді. Жоғары технологиялық қымбат медициналық құрылғыларды демеушілер есебінен сатып алуға болады. Ғимараттарды күтіп ұстауға және күрделі жөндеуге жергілікті атқарушы органдар арнайы бағдарламалар аясында ақша бөледі. 

Мұғалжар аудандық ауруханасының бас дәрігері Сәбит Кеулімжаевтың айтуынша, аурухана өз күшімен 2022 жылы пациенттің конвекциялық жылыту жүйесі, шприц сорғысы, инфузиялық сорғы, гемодинамикалық модулі мен импульстік оксиметриясы бар пациенттің мониторы, рентгендік флюорографиялық стационарлық цифрлық аппарат сатып алынды. 2023 жылы 6 мүгедектік арба мен ота үстелі сатып алынды.  

Денсаулық сақтау басқармасының көмегімен транскутанды билирубинометр, дефибриллятор, 3-6-12 арналы ЭКГ, көзішілік қысым тонометрі, жиынтықтағы ларингоскоп (педиатрия үшін), портативті спирограф, BS-30s-20 параметрге арналған автоматты гематологиялық анализатор, визиограф, штатив тірегі бар С6 видеокольпоскобын сатып алуға мүмкіндік туды. 

Бүгінгі күні бас дәрігер атап өткендей, іс жүзінде штат толық жасақталған. Тек, жалпы тәжірибелік дәрігерлер жетіспейді. Жақын арада бұл мәселені «Дипломмен ауылға» бағдарламасы есебінен шешуге және ынталандыру төлемдері арқылы жас мамандарды тартуға болады деген үміт бар. Осы мақсатта ынталандыру төлемдерінің мөлшері қайта қаралды. 

Сәбит Ахметов бүгінде барлық өңірлер ауылға жұмыс істеуге келген мамандарға жақсы қолдау көрсетіп отырғанын, бірақ жалпы кадр тапшылығы әлі де проблема болып қалып отырғанын атап өтті. 

«Менің ойымша, мәселе тек ақшада емес. Жастар жайлы жағдайда өмір сүргісі келеді, сонымен қатар, барлық игіліктерді пайдаланып, балаларын заманауи мектептерде оқытқысы келеді. Біз Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауруханасында болғанда, сол жерде мен бір жағдайды естідім. Ерлі-зайыпты екі жас маман көшіп келген. Оларға көмекке қаржы бөлінген, үй берілген. Бірақ газ болмағандықтан, пешке от жағу керек. Олар бұл жағдайға шыдай алмай, кетіп қалыпты. Оларды түсінуге болады, әрине. Бюджеттен ақша төленген, ал мамандар жоқ. Демек, бұл жерде мәселе денсаулық сақтауда ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік тұстары да бар. Кадр тапшылығы барлық өңірлер үшін өзекті мәселе», – деп бас дәрігермен сұхбатында өз ойын білдірді.  

Сондай-ақ жылдан жылға өсіп келе жатқан аурухананы қаржыландыру мәселелері талқыланды. 2022 жылы бюджет 2,2 млрд теңгені, 2023 жылы 3 млрд теңгені құрады. 2024 жылы аурухана бөлінген көлемнен басқа пилоттық жоба аясында қосымша қаржы алады. 

Ауруханадан басқа, бүгінде аудан бойынша амбулаториялық медициналық көмектің қадамдық қолжетімділігін 13 медициналық пункт, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт және 5 дәрігерлік амбулатория қамтамасыз етеді. Солардың бірі Ақкемер ауылында орналасқан медициналық ұйымға Сәбит Ахметов жоспардан тыс барды. Мұнда бас дәрігердің айтуынша, 5 ауылдың 2,4 мың тұрғынына алғашқы, консультациялық-диагностикалық және мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі: Ақкемер, Илек, Жарық, Көтібар, Көктөбе. Оның ішінде 860-тан астам адам-балалар. Ол үшін амбулаторияда барлық қажетті құралдар дерлік бар, тек тар бейінді мамандар жетіспейді. 

Айта кетейік, аталған сапарда Сәбит Ахметовпен өңірлік филиал директоры Алтай Оразбағамбетов және Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров, Медициналық көмекті ұйымдастыру және сатып алу департаментінің директоры және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының медициналық көмек мониторингі басқармасының жетекшісі бірге жүрді. 

Қор басшысы жыл соңына дейін жергілікті жерлердегі нақты жағдайды бағалау және МӘМС жүйесін одан әрі жетілдіріп, проблемалық мәселелерді ескеру үшін Қазақстан өңірлеріне бірқатар жұмыс сапарларын жасауға ниетті. Ақтөбе облысы сапар жасалған есеп бойынша жетінші өңір болды. Бұған дейін Сәбит Ахметов Қостанай, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы медициналық ұйымдардың қызметімен танысты. 

Таяу күндері Сәбит Ахметов Астананың медициналық ұйымдарына барып, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарының, сондай-ақ Шымкент қаласының медициналық жұртшылығымен кездеседі.