Халықты МӘМС-пен қамту (адамдар саны)
16 509 433
Жарналар мен аударымдардың түсімдері (МӘМС сомасы, теңгемен)
287 162 627 482
Келіп түскен өтініштер
25 698

Жаңалықтар

Медициналық сақтандыру қоры мен Ұлттық денсаулық сақтау палатасы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды


Бүгін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) Басқарма төрағасы Болат Төкежанов пен Ұлттық денсаулық сақтау палатасының басшысы Ербол Бекмұхамбетов ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Медициналық сақтандыру қоры Ұлттық денсаулық сақтау палатасымен бірлесіп, әкімшілік кедергілерді азайтуға, медицина қызметкерлері мен пациенттердің құқығын қорғау тетігін жетілдіру, жалпы медициналық көмектің сапасын жақсарту мақсатында денсаулық сақтауды одан әрі дамыту, медициналық бизнес-қоғамдастықты қолдауға және қолайлы жағдай жасауға ниетті.

Б.Төкежанов айтқандай, құжатқа қол қойылғаннан кейін Ұлттық палата бұрын бірлесіп  бастаған жұмысты жандандыруға мүмкіндік береді. Қор басшысы отандық медициналық ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін міндеттерді шешуге баса назар аударудың қаншалықты маңызды екенін, жыл сайын медициналық қызметтерді жеке жеткізушілердің үлесі артып келе жатқанын атап өтті.

Ұлттық денсаулық сақтау палатасының басшысы Ербол Бекмұхамбетов денсаулық сақтау субъектілері арасында ашық бәсекелестікті дамытуға, әсіресе, бизнес кәсіпорындарының жағдайын жақсартуға, сондай-ақ медициналық сақтандырудың үздік тәжірибесін ілгерілетуге бағытталған ортақ бастамаларды іске асыруды қолдады.

«Медициналық сақтандыру жүйесі медициналық бизнестің позициясын нығайтуға көп мүмкіндік береді. Медициналық сақтандыру қорымен келісімге отырған жеке медициналық мекемелердің соңғы 3 жылдағы серпіні МӘМС деген сенімнің артқанын көрсетеді. Бізді ең алдымен жеке медициналық бизнестің құқығын қорғау, денсаулық сақтау субъектілеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге қатысу мүмкіндігі қызықтырады. Осы серіктестікте біз пациенттер үшін де, медициналық ұйымдардың өздерін дамыту үшін де үздік нәтижелерге қол жеткізе аламыз деп үміттенемін», - деді Ербол Бекмұхамбетов.

Тараптар денсаулық сақтау органдарымен, үкіметтік құрылымдармен және іскерлік топтармен тиімді өзара іс-қимыл жасау, Үкіметпен, денсаулық сақтау органдарымен, қазақстандық және халықаралық, ғылыми және кәсіби ұйымдармен денсаулық сақтау мәселелері бойынша ынтымақтастық және ақпарат алмасу туралы уағдаласты.

2021 жылға жүргізілген медициналық қызметтерді сатып алу қорытындылары бойынша 1312 медициналық ұйым медициналық сақтандыру қорының жеткізушісі болды, оның  645-і мемлекеттік (49%), 667-сі — жеке меншік кәсіпорындар (51%). Жеке меншік медициналық ұйымдардың ӘМСҚ жеткізушілері арасындағы өсу серпіні 20% -ды құрады.

Қосымша ақпарат: Ұлттық денсаулық сақтау палатасы «Атамекен» ҚР ҰКП төралқасы фармацевтикалық, медициналық өнеркәсіп және медициналық қызметтер комитетінің негізгі жұмыс органы, 2011 жылдан бастап жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың ерікті бірлестігі нысанында жұмыс істейді. Палата қызметінің негізгі мақсаты -денсаулық сақтау мен отандық бизнестің өзекті мәселелерін шешу бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау, денсаулық сақтау мен кәсіпкерліктің мемлекеттік бағдарламаларын әзірлеуге, үйлестіруге және іске асыруға жәрдемдесу, медицина қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін арттыру бойынша жұмыс жүргізу.