Халықты МӘМС-пен қамту (адамдар саны)
16 501 913
Жарналар мен аударымдардың түсімдері (МӘМС сомасы, теңгемен)
279 743 807 324
Келіп түскен өтініштер
25 251

Жаңалықтар

Гемодиализ, стационарды алмастыратын және стационарлық медициналық көмек қызметтерін ұсыну бойынша жекеменшік медициналық ұйымдардың үлесі зор

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша ТМККК және МӘМС жүйесі шеңберінде медициналық қызметтерді сатып алу және қаржыландыру мәселелері қаралды.

 

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Басқарма төрағасының орынбасары Айдар Нұралиев Қоғамдық кеңес мүшелеріне баяндағандай, ағымдағы жылдың 8 айында МӘМС үшін жарналар мен аударымдар түрінде – 654,6 млрд теңге қаражат түсті. Оның ішінде жеңілдік санатындағылар үшін мемлекет жарналары барлық түсімдердің 36,7%-ын немесе 240,6 млрд теңгені құрады. Осылайша, мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін әлі де сақтайды. Жұмыс берушілердің өз қызметкерлеріне аударған жарналары 232,4 млрд теңгені (35,5%), қызметкерлердің жарналары – 153,3 млрд теңгені (23,4%) құрады. ЖК, БЖТ төлеушілер, АҚС шарттар бойынша жұмыс істейтін дербес төлеушілер жарналарының үлесі шамамен 4,4%-ды құрады.

«МӘМС жүйесін енгізу денсаулық сақтау жүйесін қаржылық қамтамасыз етуді кезең кезеңімен толықтыруға мүмкіндік берді. 2019 жылмен салыстырғанда 2022 жылы қаржыландыру екі есе, ал 2020 жылмен салыстырғанда 1,3 есе өсті. 2022 жылы ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық көмекті қаржыландыруға 2 трлн теңгеден астам қаражат бағытталды, оның ішінде МӘМС жүйесінде – 852 млрд теңге, ТМККК шеңберінде – 1,4 трлн теңге», – деп атап өтті баяндамашы.

ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтер көрсетуді 2022 жылы Қормен тікелей шарттар бойынша 1 427 медициналық ұйым жүзеге асырады, оның ішінде 685 немесе 48% – мемлекеттік, 742 (52%) – жекеменшік нысан болып табылады.

Жекеменшік мекемелердің жоғары үлесі келесі бағыттар бойынша байқалады: гемодиализ - 76%, стационарды алмастыратын медициналық көмек – 63% және стационарлық медициналық көмек – 49%.

Баяндама барысында Айдар Нұралиев Қордың 2020 жылдан бастап автоматтандырылған әлеуетті медициналық ұйымдардың қызметін бағалау критерийлері негізінде медициналық көмек көлемін бөлуді енгізу бойынша жүргізіп жатқан кезеңдік шаралары туралы айтып берді.

«Қордың Стратегиясына сәйкес денсаулық сақтау субъектілерінен қызметтерді сатып алу веб-порталында көлемдерді орналастыру үшін рейтингтік бағалауды немесе көрсеткіштерді ескере отырып, Сатып алу жоспары шеңберінде медициналық көмек көлемдерін автоматты түрде бөлу 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен енгізуді көздейді. I кезеңде 2020 жылы жан басына шаққандағы норматив пен кешенді тариф бойынша медициналық көмек көлемін автоматты түрде бөлу жүзеге асырылды. 2021 жылы – төсек-орын қорының немесе медициналық техниканың рейтингі мен өткізу қабілетін ескере отырып іске асырылды. Ағымдағы жылы көлемді бөлу үшін қосымша параметрлерді айқындай отырып, басым бағыттар бойынша көлемді бөлу процесін автоматтандыру жоспарлануда», – деді Айдар Нұралиев.

Денсаулық сақтау субъектілерінің қызметін бағалау критерийлері негізінде медициналық көмек көлемдерін автоматтандырылған бөлуді кезең-кезеңімен енгізу нәтижесінде Қор көлемдерді бөлу процесін неғұрлым ашық, әділ және тиімді етуді жоспарлап отыр.

Қоғамдық кеңес мүшелері нақтылайтын сұрақтар қойып, процестердің ашықтығын арттыруға, медициналық көмектің жекелеген түрлерін тікелей шарттарға (стоматология) шығаруға қатысты ұсыныстар берді. Сонымен қатар, жауапсыз жеткізушілерді көрсете отырып, медициналық ұйымдардың рейтингтерін жариялау мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Бектұрғанов отырысты қорытындылай келе, Қор бекітілген нормативтік-құқықтық акт бойынша қызметті жүзеге асыратынын, жаһандық мәселелерді, оның ішінде қаржыландыру тәсілдерін өзгертуге қатысты мәселелерді шешу үшін уәкілетті органның, яғни денсаулық сақтау министрлігінің құзыретіне кіретін қолданыстағы заңнамаға және процестерге өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ, қоғамдық кеңес мүшелері күн тәртібінен тыс азаматтардың денсаулығын сақтаудың, медициналық ұйымдардың жұмысының, медициналық қызметтер көрсетуді қаржыландыру жүйесінің өзекті мәселелерін көтерді.