Халықты МӘМС-пен қамту (адамдар саны)
16 509 433
Жарналар мен аударымдардың түсімдері (МӘМС сомасы, теңгемен)
287 162 627 482
Келіп түскен өтініштер
25 487

Жаңалықтар

2017 жылдың шілдесінде аударылған сақтандыру жарналарының көлемі 800 млн теңгеден асып жығылды

2017 жылдың шілдесінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне төленген жарналар мен аударымдар көлемі 700 млн теңгеге жетті.

Соңғы деректерге сүйенсек, өткен шілде айында түскен қаржы көлемі 800 млн теңгеден асып жығылды. Оның 40 пайызы жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлері үшін жасаған аударымдары болса, 60 пайызы – жарналар. Бұл туралы сейсенбіде өткен баспасөз мәслихатында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарушы директоры Елена Бахмутова мәлімдеді.

Түскен қаржының басым бөлігі, яғни, 44 пайызы биылғы жылдың екінші жартысы үшін аванс ретінде аударылған төлемдер болып табылады.

Аударымдар мен жарна төлеу жағынан еліміздің 4 аймағы, атап айтқанда, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Алматы облыстары көш бастап тұр. Қорға түскен қаржының 49 пайызы осы өңірлерге тиесілі.

«Бұл көрсеткіш біздің 2017 жылға жасаған болжамдарымызға сай екенін атап өткім келеді. Сонымен қатар, біз биылғы жылдың тамызынан бастап Қорға түсетін түсімдер көлемі артады деген болжам жасап отырмыз. Себебі шілде айының төлемдерін аудару мерзімі тамыз айының 25-інде аяқталады», - деп түсіндірді Е.Бахмутова.

Айтуынша, 2017 жыл үшін 23 млрд теңгеге жуық қаражат түсуі тиіс (оның ішінде жұмыс берушілер жасайтын аударымдардың үлесі 95%, жеке кәсіпкерлер жарнасының үлесі 5%).

Бұған дейін хабарланғандай, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған болатын. Биыл аударымдар мен жарналарды жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде еңбек ететін азаматтар төлейді.

Осы нормаға сәйкес, жұмыс беруші ай сайын қарамағындағы жұмыскер жалақысының 1% көлемінде аударым аударады. Бірақ аударым сомасы 3668,9 мың теңгеден аспауы тиіс (бұл – 15 төменгі айлық жалақының 1%).

Жеке кәсіпкерлер мен осы санатқа жатқызылған жеке меншік адвокаттар және нотариустар, кәсіби медиаторлар да жарнаны 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап аударады. Бұл санаттағылар жарнасы 2 төменгі айлық жалақының 5 пайызын немесе 2017 жыл үшін 2445,9 теңгені құрамақ.

Сонымен қатар, 1-шілдеден бастап азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін жұмыскерлер де жарна аударуға міндетті. Бұл топ тапқан табысының 5 пайызы көлемінде жарна аударады. Дегенмен аталған санаттағы азаматтардың жарна есептелетін табысының ең жоғарғы мөлшері 15 төменгі айлық жалақыдан аспауы тиіс. Жарналар мен аударымдардың нақты сомасын Қордың fms.kz  сайты арқылы есептеп білуге болады. Төлеушілерге арналған нұсқаулық пен жарна есептейтін калькулятор сайттың басты бетінде орналасқан.

Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап сақтандыру жүйесіне мемлекет пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қосылады. Мемлекет жеңілдігі бар 14 санаттағы 10 млн азамат үшін жарна төлейді. Олардың қатарында жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер, зейнеткерлер, балалар т.б. бар. 

Ал, жұмыскерлер жарнаны 2019 жылдың бірінші қаңтарынан бастап аударады. Төленетін жарна мөлшері: 2019 жылы – жалақының 1 пайызын, 2020 жылы – 2 пайызын құрамақ.

Сақтандырылған азаматтар МӘМС пакеті шеңберіндегі медициналық көмекті 2018 жылдан бастап пайдалана алады. Cебебі жеке меншік клиникалармен және мемлекеттік емдеу мекемелерімен медициналық қызмет көрсету туралы келісімшарттар сол кезге дейін бекітіліп бітуі тиіс. Сондай-ақ, еліміздің барлық тұрғындары әлеуметтік маңызы бар ауруларға қоса, жедел жәрдем, шұғыл көмек, санитарлық авиация шығындарын жабатын кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетін пайдалана алады.

Алдағы 2 жылда (2018-2019 жж.) сақтандырылмағандар үшін жеңілдік мерзімі қарастырылған. Жарна төлемеген азаматтар амбулаторлық көмек пен шұғыл жағдайлар туындағанда көрсетілетін стационарлық көмекті тегін пайдаланады.