Халықты МӘМС-пен қамту (адамдар саны)
16 479 303
Жарналар мен аударымдардың түсімдері (МӘМС сомасы, теңгемен)
254 797 805 016
Келіп түскен өтініштер
24 451

Жаңалықтар

ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің отырысында МӘМС жүйесін жетілдіру бойынша шаралар талқыланды

Бүгін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, денсаулық сақтау саласындағы үкіметтік емес сектор өкілдерінің қатысуымен «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды іске асыру барысы туралы. Мәселелер мен перспективалар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелді ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті ұйымдастырды.

Іс-шараның күн тәртібіне қойылған негізгі мәселелер – МӘМС жүйесін іске асыру қорытындылары және медициналық сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша қабылданып жатқан шаралар. Жиынға қатысушылар денсаулық сақтаудың түйткілді мәселелерін де көтеріп, қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсету туралы азаматтық қоғамның ұсыныстарын тыңдады.

ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы, депутат Жәмила Нұрманбетова МӘМС енгізілгеннен кейін денсаулық сақтау жүйесіндегі оң өзгерістерді атап өтіп, халыққа медициналық көмектің қолжетімділігіне қатысты мәселелері әлі де өзекті болып отырғанын және шешуді талап ететінін атап өтті.

«Денсаулық сақтау жүйесі қосымша қаржыландыру көзіне ие болғанына қарамастан, медициналық көмек халыққа әлі де қолжетімді емес. Оның үстіне, үш миллионнан астам адам медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр. Бұл мәселелер шешуді қажет етеді. Бұл дөңгелек үстелге біздің Комитет осы мәселелерді көтеру және уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, ең алдымен пациенттердің мүддесі үшін шешім шығару мақсатында бастамашылық етті», – деп атап өтті депутат.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өз сөзінде атап өткендей, кез келген сапалы өзгерістер айтарлықтай қаржы ресурстарын талап етеді, осыған байланысты 2020 жылы МӘМС жүйесін енгізу орынды және өмірлік маңызды қадам болды.
«МӘМС жүйесін енгізу салаға қосымша қаражат тартуға және қаржыландыруды 80%-ға арттыруға мүмкіндік берді. 2022 жылы медициналық көмекті қаржыландыруға 2,2 трлн теңге бөлінді, оның ішінде МӘМС желісі бойынша – 852 млрд теңге», – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрі.

Белгілі жетістіктермен қатар, жедел шешуді талап ететін міндеттер де бар, деді Ажар Ғиният. Министрдің пікірінше, бүгінгі таңда халықты МӘМС жүйесімен жеткіліксіз қамту, өңірлерде инфрақұрылымды дамыту, ресурстар шектеулі болған кезде реформаны іске асыру, денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру деңгейінің жеткіліксіздігі мәселелерін шешу қажет.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы Айдын Ашуев денсаулық сақтауды қаржыландырудың артуы МӘМС жүйесіне медициналық қызметтердің жаңа жеткізушілерін тартуға мүмкіндік бергенін, бұл, әрине, медициналық ұйымдар арасындағы бәсекелестікті ынталандыратынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде Қормен тікелей шарттар бойынша медициналық қызметтер көрсетуді 2022 жылы 1409 жеткізуші жүзеге асырады, оның 680-і немесе 48%-ы – мемлекеттік, 729-ы (52%) – жеке меншік ұйым.
ӘМСҚ басшысы халық үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру туралы деректерді назарға ұсынды.

«Медициналық сақтандыруды жүзеге асырған бірнеше жыл ішінде біз консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімділігін 5 есеге ұлғайттық. Егер МӘМС енгізілгенге дейін халыққа осы бағытта небәрі 56,4 млн қызмет көрсетілсе, 2021 жылы олардың саны 292 млн қызметке дейін артты. Оның ішінде 1,3 млн қызмет – бұл КТ/МРТ/ПЭТ секілді қымбат тұратын тексерулер. Медициналық көмектің әрбір бағыты бойынша оң үрдіс байқалады», – деді Айдын Ашуев.

ӘМСҚ Басқарма төрағасы Қор медициналық ұйымдардан, қоғамнан және халықтан келіп түсетін мәселелерді талдайтынын атап өтті. Оларды ескере отырып, Қор процестерін автоматтандыру, оның қызметінің ашықтығы мен есептілігін арттыру, тариф белгілеу, халықтың қажеттіліктеріне қарай медициналық көмекті жоспарлау, медициналық көмекті сатып алу және ең бастысы, халыққа медициналық көмек көрсету сапасының мониторингі бөлігінде МӘМС жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Қордың негізгі міндеттері сапалы және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етуде пациенттің мүддесін қорғау болып табылады», – деп нақтылады Айдын Ашуев.

Жұртшылық өкілдерінің пікірінше, МӘМС жүйесіндегі бірқатар проблемаларды шешу үшін жеткізушілермен жасалған шарттарға мониторинг жүргізу бөлігінде жұмысты күшейту қажет. Бұл жалпы медициналық ұйымдардың пациенттер алдындағы медициналық көмектің сапасы үшін жауапкершілігін арттыруы тиіс.

«Баршаға арналған денсаулық» азаматтық тобының бастамашысы Ерлан Нұрпейісов өз кезегінде «халық үніне құлақ асатын мемлекет» дегеніміз бағдарлық және сервистік екенін атап өтті.

«Қазақстандық гематолог-дәрігерлер қоғамы» РҚБ төрайымы Ирина Пивоварованың пікірінше, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына бірнеше факторлар әсер етеді. Олар – саланы қаржыландырудың жеткіліксіздігі, тиімсіз тарифтер, ТМККК және МӘМС пакеттерінің анық бөлінбеуі, Денсаулық сақтау саласындағы сарапшылармен бірге саланы дамытудың негізгі мәселелерін анықтайтын талдау және болжау орталығының болмауы.

«Біз қаржыландырудың жеткіліксіз екенін ерекше атап өтуіміз керек. МӘМС жүйесіне түсетін халықтың жарналары бұл мәселені шешпейді. Біз бұл туралы депутаттарға арнайы айтуымыз керек, өйткені сіздер ел бюджетін қабылдайсыздар», – деді Ирина Пивоварова.

Дөңгелек үстел барысында Мәжіліс депутаттары Қордың ашықтығы мен есептілігі, қаражаттың жұмсалуының ашықтығы мен тиімділігін арттыру мәселелерін белгілеп, сұрақтар мен ұсыныстар жасады.

Дөңгелек үстел соңында Жәмила Нұрманбетова қатысушылар айтқан барлық ұсыныстар, сұрақтар мен проблемалар жинақталып, оларды әрі қарай шешу үшін жауапты мемлекеттік органдар мен өңірлік әкімдіктерге жеткізілетінін айтып, іс-шараны түйіндеді.