Жаңалықтар

Медициналық сақтандыру қоры басшысы Алматы қаласындағы жеке клиниканың жұмысымен танысты

Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы Айдын Ашуев халыққа МӘМС және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде медициналық көмек көрсететін «Keruen Medicus» клиникасының қызметімен танысты.

Айта кету керек, Keruen Medicus заманауи мамандандырылған медициналық орталығы терапевтік және мамандандырылған профильдегі медициналық қызметтердің кең спектрін ұсынады. Орталық базасында көптеген диагностикалық тексерулерден өтуге және белгілі бір мамандардан кеңес алуға болады.

Клиника директоры Айгүл Шалабаеваның айтуынша, қазір клиника тіркелген 17 мыңнан астам халыққа қызмет көрсетеді.

Медициналық сақтандыру қоры басшысы Айдын Ашуев бүгінде жеке меншік клиникалар денсаулық сақтау саласын дамытуға және жүйенің пациентке ыңғайлылығын сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мемлекеттік медициналық ұйымдарға жақсы бәсекелестік тудырады, деді Қор төрағасы.

Қордың Алматы филиалы басшысы Тілеухан Әбілдаев өз кезегінде олардың мемлекеттік емханадарға түсетін жүктемені азайтып, медициналық көмекті уақтылы көрсетуге көмектесетінін атап өтті.

«Алматы филиалымен келісімшарт бекіткен клиникалардың жартысынан көбі – жеке меншік», – деді филиал басшысы.

Бүгінгі күні Алматы қаласы бойынша 188 медицина ұйымы ТМККК және МӘМС пакеттері аясында халыққа қызмет көрсетеді.

Сондай-ақ, Қор төрағасы ӘМСҚ жанындағы Қоғамдық-консультативтік кеңес мүшесі Ғалия Тобатаевамен кездесті. Кездесу барысында жеке меншік емханалар көрсететін медициналық қызметтердің сапасы талқыланды.

«Медицина ұйымдарының басшылары медкөмекті дұрыс ұйымдастыруды, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және пациенттердің өтініштеріне уақтылы ден қоюды үйренуі керек. Медициналық көмектің сапасы осыған байланысты», – деді Айдын Ашуев.

Айта кетейік, Қор жүйеге жаңа клиникаларды тарту бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп отырады. Сонымен қатар, МСҚ басшылығы жеткізушілер базасына жаңа медициналық мекемелерді қосу процесін жеңілдету мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.