Настройки
Настройки
Обычная версия
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры

Main menu

Q&AНормативтік базаИнфографикаларПайдалы материалдар

Q&A

16

Менің қарамағымда жұмыс істейтін қызметкерлер ерікті сақтандыру есебінен жеке меншік клиникалардың көмегіне жүгінеді. Мен міндетті медициналық сақтандыру қорына не үшін жарна төлеуім керек?

Жұмыс берушілер өз қарамағында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін ерікті медициналық сақтандыру (ЕМС) келісімшарттарын бекітеді. Жұмыскер ерікті сақтандыру пакеті шеңберінде медициналық көмектің белгілі бір көлемін ғана ала алады. Ол бойынша жұмыс беруші аударған ақшадан (лимиттен) тыс қосымша қызмет түрлері көрсетілмейді. Ал, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық көмек көлемі мен сомасы шектелмейді.

Сонымен қатар, жұмыс беруші мен жұмыскердің келісімі бойынша ЕМС келісімшартына міндетті әлеуметтік сақтандыру пакетіне кірмейтін қызметтер тізімін енгізуге болады. Міндетті сақтандыру пакетіне кірмейтін медициналық қызмет түрлерін ЕМС арқылы алуға болады. Мысалы: ересектерге арналған стоматология, зиянды өндіріс орындарында жұмыс істейтін қызметкерлерді міндетті медициналық тексеруден өткізу, санаторлық-курорттық ем, косметология т.б.

Оған қоса, ЕМС жүйесінде жеке меншік клиникалар тарапынан көрсетілген қызмет ақысын өсіріп көрсету қаупі жоғары. Бұл жұмыс берушінің күтілмеген шығындарын арттырады. Сондай-ақ, ерікті медициналық сақтандыру жүйесінде тапсырыс берушінің (жұмыс берушінің) көрсетілген қызмет сапасын бақылау тетігі жоқ. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде Қор медициналық қызмет сапасын бақылайды, сақтандырылған азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғайды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнаны міндетті төлеу және мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі принципіне негізделген.

17

Жұмыс берушілер салықтан қашып жұмыскерлерінің санын жасырып қалмай ма?

Өкінішке орай, табысын жасыру және «көлеңкелі» тәсілмен жалақы беру үрдісі, салықтан жалтару тәсілі кез-келген экономикада кездеседі. Салық органдары тарапынан бұл проблеманы шешудің әртүрлі тәсілдері мен жолдары қарастырылған.

Біріншіден, жұмыскер медициналық ұйымға электронды жүйе арқылы хабарласқан кезде жұмыс беруші жасаған аударымдар (2017 жылдан бастап) мен жұмыскердің өз жарнасы (2019 жылдан бастап) салыстырылады, олардың қаншалықты дер кезінде аударылғаны тексеріледі. Жұмыскер сол арқылы жұмыс берушінің аударымдарын бақылай алады.

Екіншіден, салық органдары Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылған жарналар туралы декларация қабылдайды. Сол декларация негізінде қарыз (берешек) өндіріледі.

Қазіргі таңда экономикалық жағдай едәуір жақсарды. Отандық кәсіпорындарда 6,5 млн астам адам жұмыс істейді. Жұмыс берушілер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ай сайын 53 млрд теңге төлеп отыр. Ал, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өз қызметкерлері үшін 23 млрд теңге аударады. Осы жерде халықтың экономикалық белсенділігі төмен тобын сақтандыруды мемлекет өз мойнына алып отырғанын атап өту қажет. Сол арқылы үкімет енгізіліп отырған медициналық сақтандыру жүйесінің тұрақты қызмет етуіне жағдай жасамақ.

18

ӘМСҚ-на аударымдар мен жарналарды есептеу кезінде Республикалық бюджет туралы заңмен тіисті қаржы жылына белгіленген төменгі айлық жалақының 15 еселік мөлшер деңгейіндегі шектеу не ұшін енгізілген?

Экономикадағы салық пен алым жинау жүйесі – мемлекеттің ауқаттылардан бастап ауқаты аздардың кірістерін әділетті бөлу құралы. Сонымен бірге, ресми табыстарын қысқартуға және жасыруға деген ұмтылыстарын азайту тетіктері қолданылуда. Бұл әдетте, табыстардан алынатын алымдардың жоғары мөлшерін шектеп, табыстың шамамен 2-3 еселік мөлшерінде белгіленеді. МӘМС жүйесінде аударымдар мен жарналар мөлшерін белгілегенде де осындай тетік қолданылады,  ол ел экономикасындағы орташа айлық жалақының 2,5 еселік мөлшеріне тең. 

19

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар және (немесе) жарналар аударудан жалтарған жағдайда қандай шаралар қолданылады?

Мемлекеттік кірістер (салық комитеті) органдары аударымдар мен жарналардың уақытылы және толық аударылуына бақылау жүргізеді.

Егер жеке кәсіпкер аударымдар мен (немесе) жарналар төлеуден жалтарса, онда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 92-1 бабына сәйкес, мынадай тәртіпте әкімшілік жауапкершілік қарастырылған:

      1. Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорының және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Қазақстан Республикасының мiндеттi

әлеуметтiк сақтандыру туралы заңнамасында белгiленген мерзiмдерде әлеуметтiк төлемдердi төлемеуi лауазымды адамдарға отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Әлеуметтік аударымдарды төлеушінің:

      1) әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлетiн мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылардың тiзiмдерiн мемлекеттік кіріс органына ұсынбауы;

      2) әлеуметтiк аударымдарды төлемеу (аудармау), уақытылы және (немесе) толық төлемеуі (аудармау);

      3) Қазақстан Республикасының мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы заңнамасында көзделген жағдайларда мемлекеттік кіріс органдарының өкiмiмен касса бойынша барлық шығыс операцияларын тоқтатпауы

түрiнде жасалған Қазақстан Республикасының мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы заңнамасында көзделген мiндеттердi орындамауы не тиiсiнше орындамауы ескерту жасауға әкеп соғады.

      3. Осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекеттер жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – төленбеген (аударылмаған), уақытылы және (немесе) толық төленбеген (аударылмаған) әлеуметтiк аударымдар сомасының жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне елу пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

20

Жұмыс беруші және өз өзіне жарна аударатын жұмыскер тарапынан, олар сырқаты немесе еңбекке жарамсыздығы салдарынан ұзақ уақыт жұмыс істемесе (еңбекке жарамсыздық парағы бойынша) ӘМС Қорына жарналар төлеу тәртібі қандай болмақ?

Мұндай жағдайларда уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша есептелген әлеуметтік жәрдемақы табыс көзі саналады.

21

Жұмыскерлері жыл бойы медицина ұйымдарының көмегіне жүгінбеген жұмыс берушінің төлеген аударымдары қайтарыла ма?

Жоқ, жұмыскерлері медицина ұйымдарының көмегіне жүгінбеген жұмыс берушінің аударған аударымдары қайтарылмайды. Бұл ортақ жауапкершілік пен теңдікке негізделген әлеуметтік сақтандыру жүйесінің негізгі қағидаттарына (принциптеріне) қайшы келеді. Төленген қаражат осы аралықта сырқаттанып, медициналық көмекке жүгінген сақтандырылған азаматтардың еміне жұмсалады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген.

22

МӘМС жүйесіне кешігіп кірген жағдайда қандай берешекті өтеу қажет?

Заңға сәйкес, сақтандырылған азамат мәртебесін алу үшін өткен 12 айдың берешегін өтеу қажет. 3 ай берешегі бар азаматтың МӘМС пакеті аясында медициналық көмек алу құқығы сақталады.

23

Медициналық көмек алмаса да Қорға жүйелі түрде жарна аударып отыратын жеке тұлғалар мен еңбек ұжымдарын ынталандыратын қандай да бір шаралар болашақта қолданылуы мүмкін бе?  

Қолданыстағы заңда ынталандыру төлемдерін төлеу немесе ынталандыру шараларын ұсыну нормалары қарастырылмаған.

24

Біздің кәсіпорнымызда ведомствоға қарасты санитарлық-медициналық бөлімше бар. Біз тиісті емді кәсіпорын есебінен сол жерден қабылдаймыз. Ендеше Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына не үшін жарна төлеуіміз керек?

 

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға сәйкес, барлық азаматтар сақтандыру жарнасын төлеуге міндетті. Сіздің кәсіпорындағы санитарлық-медициналық бөлімшеге келер болсақ, бөлімше Қор жариялаған емханалық-амбулаториялық, санитарлық көмек көрсету жөніндегі конкурстарға қатысып, қосымша табыс табуына болады. 

25

ҮЕҰ қызметкерлері жарна төлеушілердің қай санатына жатады?

Үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) қызметкерлері жалдамалы жұмыскерлер қатарына жатады, медициналық сақтандыру аударымдары мен жарналарын ҮЕҰ әкімшілігі аударады.  Егер, ҮЕҰ қызметкері мемлекет жарна төлейтін тұлғалар санатына жататын болса, онда ҮЕҰ мұндай жұмыскерлер үшін аударымдар мен жарналар төлеуден босатылады.

Беттер