Настройки
Настройки
Обычная версия
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры

Main menu

Баспасөз хабарламаларыВидеоблогСұқбат алу үшінЖаңалықтарға жазылу

2018 жылы қазақстандықтарға 600 жеке меншік клиника тегін көмек көрсетпек

06 January 2018

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2018 жылы кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) пакеті шеңберінде қызмет көрсететін денсаулық сақтау нысандарымен келісімшарт бекітуді аяқтады (ТМККК-не кіретін қызмет түрлерінің нақты тізімі: https://fms.kz/sites/default/files/basic_page_files/gobmp.pdf).

Ең алдымен алғашқы медициналық-санитарлық көмек, жедел медициналық көмек және өзге де бағыттар бойынша көмек көрсету жөнінде келісімшарттар бекітілді.

Қаңтар айындағы деректерге сүйенсек, 2018 жылы медициналық қызметтерді бөліп беру жөніндегі аймақтық және республикалық комиссиялар өтініш берген 1385 ұйымды заң талаптарына сай деп танып, олармен келісімшарт бекіту туралы шешім қабылдады. Комиссиялар құрамында "Атамекен" ҰКП, Денсаулық сақтау министрлігі және өзге қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар.

5 қаңтарда ТМККК орналастыру жөнінде 673 млрд теңгеге келісімшарт бекітілген. Бұл республика бюджетінен биылғы жылы тегін медициналық көмек көрсетуге деп бөлінген қаржының 80 пайызы.

Қалған қаражат Үкімет пен Денсаулық сақтау министрлігінің денсаулық саласының басымдық берілген бағыттарын дамыту, барлық жерде пациенттерге көрсетілетін медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігін, азаматтардың емдеу мекемесін таңдау құқығын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді ескере отырып бөлінеді.

2018 жылы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қазақстандықтарға 600-ге жуық жеке меншік клиника қызмет көрсетпек. Бұл Қордың жеткізушілер базасына енген медицина ұйымдарының 43 пайызы. Осылайша, жеке меншік клиникалардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 130-ға артып отыр. Ал, жеке клиникалармен бекітілген келісімшарт сомасы биыл 95 млрд теңгені құрады. Бұл да алдыңғы жылдардағы көрсеткіштен 2 есе көп.

Мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшынып отырған жеке меншік медицина ұйымдарының саны жағынан Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл облыстары, сондай-ақ, Астана және Алматы қалалары көш бастап тұр.

Атап айтқанда, биыл Астана халқына 81 медицина ұйымы қызмет көрсетпек. Оның 45-і жеке меншік клиникалар (келісімшарт сомасы 75,5 млрд теңге).     

Алматы қаласы бойынша келісімшарт бекітілген 171 медицина ұйымының 71-і жеке меншік. Оңтүстік астана халқына кепілдендірілген көмек көрсететін жеке меншік клиникалар саны 42% артқан. Олармен бекітілген келісімшарт сомасы 80 млрд теңгеден асып жығылды. 

Сонымен қатар, Алматыда жеке меншік клиникалар мемлекеттік тапсырыс бойынша емханалық-амбулаторлық көмек көрсетуге ерекше ниет білдірді. Мәселен, 2017 жылы қала бойынша 14 жеке меншік клиника меемлекеттік тапсырысты орындауға қатысқан болса (жалпы сомасы 859 млн теңге), 2018 жылы емханалық-амбулаторлық көмек көрсететін жеке меншік клиникалар саны 27-ге жетті. Олар жалпы сомасы 1,9 млрд теңгенің қызметін көрсетпек. Оған қоса, Алматыда консультативтік-диагностикалық қызмет көрсететін жеке меншік емдеу мекемелерінің саны да 2,5 есе артқан.

Сондай-ақ, жеке меншік клиникалар көрсететін медициналық қызмет түрлері де көбейді. Мәселен биыл Алматыда тұңғыш рет онкологиялық көмек, жедел медициналық көмек пен патологоанатомиялық диагностика қызметін көрсететін жеке меншік клиникалар пайда болмақ.